oC
«Музыкалық ойыншықтар», «балалардың музыкалық аспаптары» деген атаулар жай шартты атаулар. Музыкалық ойыншықтар көбінесе сюжеттік және дидактикалық ойындарда қолданылады. Музыкалық ойыншықтарды негізінен балғын жастағы балалар пайдаланады. Бірақ кейбір ойыншықтар музыкалық аспаптар сияқты оркестрге қосыла алады. Балалардың музыкалық аспаптары көбінесе кәдімгі аспаптардың кішкентай көшірмесі болып табылады. Әрине, олар кәдімгі музыкалық аспаптар сияқты аталып, сыртқы көрінісі мен дыбысталуы жағынан ұқсас болғанымен, мейлінше қарапайым болғандықтан, кәдімгі музыкалық аспап дыбысын толық бере алмайды. Әр жастағы топтардың музыкалық аспаптарымен танысуы әр түрлі формада өткізіледі. Егер ең кішкентай үшін негізінен музыкалық ойыншықтар пайдаланылса, ал ересек топтағы балалар түрлі музыкалық аспаптармен танысады да, содан кейін онда біртіндеп ойнау дағдысын игереді. Дайындық тобындағы бағдарламада балалардың музыкалық аспабында ойнау «сабақ» бөліміне енгізілген. Бағдарламада талабы мынаған негізделген: «күрделі емес әуендерді ойнауды үйрету». Осыған байланысты балалардың оқу процесінде игерген білімі мен шеберлігінің ауқымын қарастырамыз. Балалар мынаны білуге тиіс; аспаптардың аттарын, аспаптардың дыбыстау сипатын, аспаптарды пайдалану және, оларда ойнау тәсілдерін, әр түрлі аспапатрдағы жоғары және төменгі дыбыстардың орналасуын, ноталардың аттарын және олардың аспаптардың тілдеріндегі орындарын. Балалар мыналарды үйрену керек: әр түрлі музыкалық аспаптарда ойнаудың қарапайым тәсілдерін (мәселен, домбырада ойнаған кезде саусақтарды жеңіл қимылдата білуді, үрмелі аспаптарда ойнағанда, дұрыс дем алуды, баянда, пианинода ойнағанда саусаұтарды қолайлы орналастыруды, үшбұрышта, дауылпазда ойнағанда қолды дұрыс ұстауды); ырғақты сақтап ойнауды, музыканы орындауға дер кезінде кірісіп, дер кезінде аяқтауды; қарапайым динамикалық реңктерді пайдалануды, қарапайым ән, өлеңдерді дербес орындауды; есту арқылы жақсы таныс әндерді, әзілдерді талғап алуды; ырғақтық және әуендік әндерді жағынан шығарып айтуды үйренуге тиіс.